Үйлену – оңай, үй болу – қиын

13-03-2020

Үйлену – оңай, үй болу – қиын

Иә, расында, жер бетіндегі миллиондаған жанның ішінен жұптардың бір-бірін адаспай тауып, шаңырақ көтеруі, перзент сүюі – тағдырдың сыйы болса керек. Десе де, қазір қоғамның жарасы да жоқ емес, ол – ажырасу.Қазіргі кезде Қазақстанда әрбір үшінші неке ерлі-зайыптылардың ажырасуымен аяқталады екен.

Осы орайда Өскемен қалалық соты Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесін сотқа дейінгі бітімгершілік үдерісіне шақырып, бір некені сақтап қалуға ықпал етті.

Елімізде жылдан-жылға ажырасып жатқан отбасылар көбеюде. Әрине, бұл жақсылықтың нышаны емес. Бүгінгі таңда некені бұзу туралы талап-арыз берілген соң, бірден шешім шықпайды. Ел аумағында судьялар ерлі-зайыптыларды ажырастырудан бұрын, отбасын сақтап қалу үшін жұмыс жасауға көшкен.Сол себепті, республикамызда «Отбасылық сот» жобасы қолға алынған. Жоба аясында тәжірибелі психологтармен қатар, медиаторлар, бекітілген тиісті судьялар қызмет атқарады.

Ажырасуға бел буған жас отбасының мәселесіне ақыл-кеңес беруге Аналар кеңесінің ақ жаулықты әжелері де барды. Олар өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, отбасы құндылықтарының маңыздылығын түсіндірді.

Елдің жарқын болашағы шағын мемлекет отбасынан басталады. Сондықтан оның негізін қалаушы екі жастың өзара татулығы аса маңызды. Бір-бірін сыйлай білген, сыйлата білген, қадірін біліп, құрмет тұтқан жандардың бақыты баянды болатыны сөзсіз!